Фото: Polisia.kz
Оралда синтетикалық есірткі затын сату үшін жасырын орындарды ұйымдастырумен айналысқан 16 жастағы оқушы ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Кешенді жоспар аясында есірткі қылмысына қарсы күрес және құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жұмыстар күшейтілді. 1 маусым мен 31 қазан аралығында республика аумағында есірткі дақылдарын өсіретін жерлерді және олармен айналысатын тұлғаларды анықтауға бағытталған “Қарасора – 2023” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Жедел-профилактикалық іс-шараны өткізу барысында полиция департаментінің қызметкерлерімен 94 есірткі қылмысына қатысты құқық бұзушылық, оның ішінде 44 қылмыс және 55 қылмыстық әрекет анықталды" - делінген хабарламада.
ІІМ баспасөз қызметі мәліметінше, “Қарасора – 2023” жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу барысында БҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының және Орал қалалық ПБ қызметкерлері жасырын орындарды ұйымдастырумен айналысқан қала мектептерінің бірінде оқитын 11 сынып оқушысын, яғни 16 жастағы бозбаланы қолға түсірген. Ол қылмыс үстінде ұсталған. Жеке тінту кезінде ішінде ерекше иісі бар ұнтақ зат салынған жасыл түсті изолентамен оралған 2 қаптама табылып, тәркіленген.
"Азаматтың телефонын тексеру кезінде жасыру орындарының координаттары анықталды, оның көмегімен ішінде арнайы иісі бар ұнтақ салынған жасыл түсті изолентамен оралған 23 қаптама тәркіленді.
Сараптама бойынша, тәркіленген заттың салмағы 20,18 грамм болатын синтетикалық есірткі екені анықталды.
Ұсталған азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-тармағы 3-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды" - делінген хабарламада.