22 там, 2022 сағат 19:39

Оралда есірткі таратқан оқушы 7 жылға сотталды


Оралда есірткі таратқан 19 жастағы жігіт пен 15 жастағы оқушы сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Портал мәліметінше, 2 наурызда Орал станциясының маңын тексеру кезінде 15 жастағы жасөспірім мен оның 19 жастағы танысы ұсталды. Олардың оралған ұнтақты затты ағаш бұтақтарына жасырғандығы анықталды. Сараптама қорытындысына сәйкес, ұсталғандардан алынған зат психотроптық болып шықты және оның жалпы салмағы 11 грамды құрады. Ұсталғандар ”өз қызметін” Telegram арналардың бірі арқылы жүргізген.

Аталған дерек бойынша Орал станциясындағы желілік полиция бөлімі ҚР Қылмыстық Кодексінің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша тергеу жүргізді.

Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 19 жастағы сотталушыға 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады, ал оның 15 жастағы сыбайласы 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.