23 наурызда Орал қаласындағы №3 орта мектепте бастауыш сыныптарға дене шынықтырудан сабақ беретін 32 жастағы мұғалім ұсталды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі жергілікті «Мой город» порталына сілтеме жасап.
БҚО ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының басшысы Андрей Хлевиннің айтуынша, ұстаздан 5,04 грамм марихуанна тәркіленген.
«23 наурызда №3 орта мектепте жұмыс істейтін дене шынықтыру пәні мұғалімінен (есірткі – автор) сатып алдық. Операция барысында 5,04 грамм марихуанна сатып алынды. Ол өз үйінде ұсталды», - деді Андрей Хлевин.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297 бабының 1 тармағы «Есірткі заттарын сақтау және сату» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Айта кетейік, қалалық білім басқармасы мұғалімнің ұсталғанын растағанымен, аталған оқиғаға қатысты пікір білдіруден бас тартты.