Орал қаласында автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, 18 жастағы жүргізуші қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 8 маусым күні сағат 18.35-те болды.
Жәңгір хан көшесінде №7 бағытта жүретін автобус пен «Лада Калина» автокөлігі түйісті.
Соның салдарынан жеңіл көліктің 18 жастағы жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен нақтылағанындай, жедел жәрдем сағат 18.48-де шақырылды. Оқиға орнында жас жігіт мерт болды.
БҚО ТЖ департаменті баспасөз қызметінің толықтыруынша, оқиға орнына құтқарушылар да барды. Олар жеңіл автокөлікте қыстырылып қалған марқұм жүргізушінің мүрдесін шығарды.