01 нау, 2019 сағат 13:45

Оралда әскери бөлімге шабуыл жасамақ болған террористік топқа үкім шықты

Оралда әскери бөлімге шабуыл жасауды жоспарлаған террористік топ мүшелеріне үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотынан түскен мәліметке қарағанда, Ж.Ескендіров, А.Исмурзин, Т.Карчегенов, Е.Балтабаев, Н.Айтболатов, С.Тілекбаев, Р.Жасталапов және кәмелетке толмаған Қ.Бірғалиев айыпты деп танылды.

Сот талқысында белгілі болғандай, 2018 жылдың қаңтар-сәуір айларында Ж.Ескендіров Орал қаласында «салафи жиһад» бағытын ұстанатын, діни радикалдық көзқарастағы А.Исмурзин, Т.Карчегеновпен танысып, Сирияға бармай-ақ, Орал қаласында құқық қорғау органдары мен әскерилерге қарсы қарулы жиһад, яғни терроризм актілерін жасау үшін ұйымдасқан террористік топқа (жамағат) бірігу жайлы ақылдасып, топ құрған.

Осы мақсатта олар мамыр айында топты күшейту мақсатымен Е.Балтабаев, Н.Айтболатов, С.Тілекбаевтың қатысуымен басқосу жиындарын ұйымдастырып, жиһад жасаймыз деп, уағыздар жүргізіп, діни алауыздықты қоздырып, терроризмді насихаттаған.

Кейін жалға алған пәтерге жиналып, діни әңгіме қозғап, Абай полиция бөліміне басып кіріп, жарып жіберу жөнінде айтқан.

Осылайша Ж.Ескендіров, Т.Карчегенов, А.Исмурзин ислам дініне жаңадан бет бұра бастаған, діни білімдері жоқ Е.Балтабаев, Н.Айтболатов, С.Тілекбаев, Р.Жасталапов және кәмелетке толмаған Қ.Бірғалиевті террористік топ құрамына кіргізген. Маусым айындағы жиында Ж.Ескендіровті әмір ретінде сайлаған. 

Онымен қоймай, Ж.Ескендіров белгісіз тұлғадан шолақ аңшы мылтықтарын оқ-дәрісімен сатып алып, пәтер ішінде онымен қалай ату керектігін топ мүшелері бір-біріне көрсетіп, үйреткен. Ақыры маусым айының соңында олар Орал қаласында орналасқан полиция бөліміне, 5517-әскери бөліміне және ҰҚК департаментінің ғимаратына күтпеген жерден шабуыл жасау жөнінде шешімге келген.

25 маусым күні ҚР ҰҚК БҚО бойынша департаменті қызметкерлері террористік топтың қылмыстық іс-әрекетін әшкерелеп, ұсталып, олардың көздеген мақсаты іске аспады.

Сонымен, сот үкімімен 25 жасар Ж.Ескендіров пен 35 жасар А.Исмурзин ҚР ҚК 174-бабы 3-бөлігі (қылмыстық топпен жасалған діни алауыздықты қоздыру), 256-бабы 2-бөлігі (терроризмді насихаттау), 259-бабы 2-бөлігі (террористік әрекетті ұйымдастыру мақсатында кәмелетке толмаған адамды азғырып көндіру), 287-бабы 5-бөлігі (қылмыстық топ құрамында қаруды заңсыз иемдену, тасымалдау, сақтау), 257-бабы 1-бөлігі (террористік топты құру, оған басшылық ету), 24-бабы 1-бөлігі және 255-бабы 4-бөлігіне (террористік актілер жасауға дайындалу) сәйкес айыпты деп танылып, әрқайсысына түпкілікті 13 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Сол секілді 52 жасар Т.Карчегенов ҚК 174-бабы 3-бөлігі, 256-бабы 2-бөлігі, 259-бабы 2-бөлігі, 257-бабы 1-бөлігі, 24-бабы 1-бөлігі, 255-бабы 4-бөлігімен айыпты деп танылып, ол түпкілікті 12 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

19 жасар Е.Балтабаев пен 20 жасар Н.Айтболатов ҚК-нің 174-бабы 2-бөлігі (адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, қасақана діни алауыздық қоздыру), 256-бабы 2-бөлігі, ҚК-нің 257-бабы 2-бөлігі, 24-бабы 1-бөлігі, 255-бабы 4-бөлігімен айыпты деп танылып, бұл екеуіне ҚК-нің 55-бабы 4-бөлігін қолдану (белгілі бір құқық бұзушылық үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңіл жаза тағайындау) арқылы түпкілікті 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 21 жасар С.Тілекбаев ҚК-нің 257-бабы 2-бөлігі, 24-бабы 1-бөлігі 255-бабы 4-бөлігімен айыпты деп танылып, ҚК-нің 55-бабы 4-бөлігін қолданылып (белгілі бір құқық бұзушылық үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңіл жаза тағайындау), оған түпкілікті 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 18 жасар Р.Жасталаповқа ҚК-нің 257-бабы 2-бөлігі, 24-бабы 1-бөлігі, 255-бабы 4-бөлігі мен 55-баптың 4-бөлігі қолданылып, түпкілікті 5 жыл бас бостандығынан шектеу жазасы кесілді.

Кәмелетке толмаған 16 жасар Қ.Бірғалиевке ҚК-нің 257-бабы 2-бөлігі, 287-бабы 5-бөлігі, 24-бабы 1-бөлігі, 255-бабы 4-бөлігі мен 55-баптың 4-бөлігі қолданылып, түпкілікті 2 жылға бас бостандығы шектелді.