03 қаз, 2019 сағат 15:33

Оралда адам өлтірмек болған полицей жұмыстан қуылды

Оралда кісі өлтіруге оқталды деп айыпталған полиция қызметкері жұмысынан қуылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, осы оқиғаға байланысты қызметтік тексеру жүргізілді.

Департамент жанындағы айдауыл қызметінің қызметкері, полиция сержанты түнгі клубта жұмыстан тыс уақытта болған. Арақ ішу барысында ол мас күйінде танысына пышақ сілтеп, ауыр дене жарақатын салған.

Тәртіп сақшысы атағына кір келтіргені үшін аталған қызметкер құқық қорғау органынан босатылды.

Оған қоса тәрбие жұмысын ақсатқаны үшін бөлімше және взвод командирлері де қызметтерінен айрылса, тағы бірнеше басшы қызметкерге қатаң тәртіптік шара қолданылды.

Қазіргі кезде тергеу изоляторында отырған бұрынғы полиция қызметкеріне қатысты ҚР ҚК 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес тергеу амалдары жалғасуда. Ал жәбірленуші ауруханадан шықты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын кісі өлтіруге оқталды деген күдікпен полиция қызметкерінің қамауға алынғанын жазған болатынбыз.