04 сәу, 2018 сағат 14:03

Оралда 90 миллион теңгеге салынған гүлзар бірнеше жерден опырылды

Оралда құрылысына бюджеттен 90 миллион теңге бөлінген гүлзар опырылып қалды, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz жергілікті "Мой город" басылымына сілтеме жасап.

Жаяу жүргіншілерге арналған гүлзар сегіз мың шаршы метр. Ол Оралдың төртінші және алтыншы ықшам аудандарын байланыстырып тұр. Бюджеттен бөлінген 90 миллион теңгеге инженерлік желілер, есік алдыларына келетін жолдар құрылысы, жаяу жүргінші аймағы, жарықтандыру, абаттандыру мен көгалдандыру қалпына келтірілген болатын. 


Гүлзардағы брусчатка бірден бірнеше жерде опырыла бастаған. 

"Бұл гүлзармен № 24 мектеп оқушылары күнде жүреді, көбі ата-анасынсыз өздері. Ал енді бұл жолмен жүру қауіпті. Опырылып қалған жерлерді қоршап қойғанымен, бұл мәселенің шешімі емес. Айналып өту де қауіпті. Гүлзар ғана емес, айналасы да опырылып жатыр", - деп наразылығын білдірді Амина атты Орал тұрғыны.


Ал Орал қаласының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы брусчатканың топырақтың отыруынан болғанын айтады. 

"Біз барып көрдік. Бүгіннен бастап мердігер кепілдік міндет негізінде жөндеуге кіріседі. "РемСтройБыт" ЖШС салған болатын. Келісімшарт бойынша үш жылға кепіл беріледі. Құрылыс жұмыстары күзде аяқталған, суық кезде, енді қар еріп, топырақ отырған сияқты. Бүгін кешке дейін жөндеп бітеді", - дейді ТКШ бөлімінің басшысы Бауыржан Тухфатов.