Фото: Polisia.kz
Орал қаласында 54 жастағы ер адамның өліміне қатысы бар күдікті ұсталды, деп хабарлайды Kazinform.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 11 қарашада болған.
«Сағат 10.05-те облыстық көпбейінді ауруханаға 1969 жылғы ер адам жеткізілген. Алған жарақаттары салдарынан ол ауруханада қайтыс болды. Мүрде сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында аталған қылмысты жасады деген күдікпен Орал қаласының бұрын сотталмаған 1981 жылғы тұрғыны анықталып, ұсталды. Күдікті Орал қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігіне (абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады ведомстводан.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде марқұмның кәсіпкер болғандығы жазылып жатыр.