01 там, 2022 сағат 17:35

Оралда 13 жастағы бала ойын алаңында екі саусағынан айырылды

elements.envato

Оралда жасөспірім есік алдындағы әткеншекке мінемін деп екі саусағынан айырылып қалды, деп жазды Sputnik Қазақстан агенттігі "Мой город" басылымына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 27 шілде күні болған. Зардап шеккен 13-тегі жасөспірімнің анасы сол күні ұлы достарымен балалар алаңына ойнауға кеткенін айтты.

"Біраз уақыттан кейін ұлымның телефонынан оның досы хабарласып, алаңға келуімді өтінді. Ол балам саусақтарынан айырылғанын айтты. Алаңға қалай жеткенімді де білмеймін. Никитаны көрдім. Қарасам, жерде саусағының бөлігі жатыр. Дірілдеп, есімді әрең жидым", - дейді баланың анасы Қарлығаш.

Жедел жәрдемге хабарласа алмағаннан кейін жасөспірімнің әкесі оны облыстық ауруханаға өзі апарған. Бірақ ол жерде оны қабылдамай, балалар ауруханасына жіберген. Облыстық ауруханада Қарлығаштың жолдасы дәрігерлерден ұлының жарасын өңдеп беруді талап еткен. Содан кейін барып қана Никитаны балалар ауруханасына апарған. Ол жерде оның саусақтарына ампутация жасауға тура келді.

Салдарынан Никита оң қолының екі саусағынан айырылды. Никитаның өзі жарақатты қалай алғаны есінде жоқ екенін жеткізді. Жаттығуға арналған құрылғымен айналып, бір орында тоқтап тұрғысы келген, сол кезде саусағынан айырылған.

Анасының айтуынша, ұлы әлі дел-сал күйде және алған жарақатынан ұялады. Никитаның жасы қазір өтпелі кезеңде. Одан бөлек алаңдағы ұлдар енді әскерге жарамайтынын айтқан. Ұлым болса саусақсыз қалай өмір сүретінін уайымдап жүр. Ол әскери қызметкер болуды армандаған. Оның үстіне ол бокспен айналысады. Бұған дейін балалар алаңында екі рет осындай жағдай болды, бірақ онда жарақаты аса қауіпті болмаған. Бұл қашанғы жалғаса бермек? Жақында бір баланың үстіне футбол қақпасы құлап, қайтыс болды. Келесі күні біздің алаңға да келіп, тура сондай ойын қақпасын жөндеп кетті. Бізде қайғылы оқиға болғанда ғана бірдеңе жасай бастайды", – деді Никитаның анасы.

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған факті тіркелгенін жеткізді. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 306-бабы – "Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету" бойынша сотқа дейінші тергеу жұмыстары басталды.

Қайғылы оқиғаға қарамастан, қауіпті аттракционды ойын алаңынан алып тастауға ешкім асығып жатқан жоқ. Орал әкімдігі балалар алаңы кімнің балансында тіркелгенін кейінірек хабарлауға уәде етті.