Оралда 11 жасар баланы қағып кеткен автокөлік жүргізушісі іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 24 мамыр күні Ю.Гагарин мен Жәнібек көшелерінің қиылысында болды.
«Үміт» дүкені жанындағы жаяу жүргінші өткелінде алдын ала мәлімет бойынша ақ түсті «Toyota» автокөлігі баланы қағып кеткен. Содан кейін жүргізуші жасөспірімді үйіне дейін жеткізіп, өзі бой тасалаған.
«Баланың анасы сағат 17.40-та полицияға жүгінді. Жеткіншек жарақат пунктінде тексерілгеннен кейін қаншалықты зардап шеккені белгілі болады. Қазіргі кезде аталған автокөлікті іздестіруге департаменттің жеке құрамы жұмылдырылды. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 611-бабына сәйкес әкімшілік іс қозғалды», - деп хабарлады ведомстводан.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі оқиғаның жай-жапсары анықталып жатқанын жеткізді.