Фото: mgorod.kz
Оралдағы сауда орталығында әйел жараланып қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz порталы "Мой город" басылымына сілтеме жасап.
Оқиға 25 желтоқсанда сауда ойын-сауық орталығында болған. БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, қоңырау сағат 10.03-те түскен.
"Оң аяғының үштен бір бөлігі жыртылып, жарақаттанған 1982 жылғы әйел облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Аяғы эскалаторға қысылып қалған", - дейді ведомствоның баспасөз қызметі өкілдері.
Бұл ақпаратты полиция да растады.
"Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға келушінің өз абайсыздығынан болған. Қазіргі уақытта полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр", - дейді БҚО ПД баспасөз қызметі өкілдері.
Сауда орталығының әкімшілігінен ақпарат алу мүмкін болмаған. Операторлар басшылық қазір жоқ екенін айтып, дүйсенбіде қайта хабарласуды өтінген.
Бұл ретте оқиға куәгерлері "МГ" редакциясына сауда орталығындағы жартылай бөлшектелген эскалатордың суретін жолдаған. Алайда, оқиғаның дәл сонда болған-болмағаны әзірге белгісіз.