15 шіл, 2022 сағат 19:25

Орал тұрғыны өлдіге балаған анасын 28 жылдан кейін тапты


Орал тұрғыны өлдіге балаған анасын 28 жылдан кейін тапты. Любовь Клейменованы сегіз жасында анасынан алып кеткен, ал екі жылдан кейін олар оның қайтыс болғаны туралы куәлік көрсеткен. Содан бері әйел әкесі мен ата-әжесінің тәрбиесінде болған, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы "Мой ГОРОД" басылымына сілтеме жасап. 

Басылым мәліметінше, Любовь Клейменованың есінде қиын балалық шағы туралы естеліктер ғана қалған. Әйел анасының жылулығы мен қамқорлығын аңсап өскен. Анасы Вера Чернояровамен өткен соңғы күн мәңгі есінде қалған: жаз, ыстық күн, көше.

"Анамның бірінші некеден екі баласы болды, мен және үлкен ағам. Басқа біреуден тағы бір ұлы болды. Ағамды әкем тәрбиеледі, мен сегіз жасыма дейін анаммен тұрдым. Бір күні анам маған: "әкең келді, сен сонда боласың, сосын сені алып кетемін" деді. Сонда мен әкемді бірінші рет көрдім. Ол кезде әкем жазасын ауылда өтеп жатқан, мені сол жерге алып кетті. Мен онымен бір жыл тұрдым, содан кейін ол мені ата-анасына апарып тастады. Атам мен әжем мені қатал тәрбиеледі, серуендеуге, достарымды әкелуге, біреумен сөйлесуге рұқсат бермейтін еді. Бақытты балалық шағым болды деп айтпас едім", - деді.

Әйелдің сөзінше, анасының туыстары алып кетуге келген.

"Мен ұзақ жыладым, үнемі "анам қайда" деп сұрадым. 11 жасқа толғанда маған оның қайтыс болғаны туралы куәлікті көрсетіп, оның енді жоғын айтты. Мен үшін бұл үлкен соққы болды. Үйде бірге түскен суреттер жоқ еді, бәрін жойды. Содан бері анам туралы айтуға тыйым салынды", - дейді ол.

Әйел анасының қайтыс болғаны туралы куәлікті атасы жасағанын айтты. Алдымен ол оны хабар-ошарсыз кетті деген, содан кейін сот арқылы қайтыс болғаны туралы куәлік жасатқан.

Любовь 17 жасқа дейін атасы мен әжесімен бірге тұрған. Қазір ол 36 жаста. Жақында оған "марқұм" анасының көршісі қоңырау шалған. Осылайша, ол анасы тірі, бірақ соқыр екенін білген. Анасы Ресейде Саратов облысында құжатсыз тұрады екен.

"Әрине, басында бұған сенбедім. Алғаш телефонмен сөйлескенде екеуіміз де жыладық. Ол кешірім сұрап, өмір бойы біз туралы, балалары туралы ойлағанын айтты. Ол Ресейге кеткенін, ол жерде бір адаммен кездескенін, сөйтіп, 25 жыл бұрын оған тұрмысқа шыққанын айтты. Қазір ол қайтыс болған, ал анам құжатсыз, зейнетақысыз және мүгедектігі бойынша жәрдемақысыз өмір сүреді. Менен құжаттарын қалпына келтіруге көмектесуімді өтінді", - деп түсіндірді Любовь Клейменова.

Орал қалалық АХАЖ-да Черноярова туралы деректер сақталған. Ведомство мәліметінше, ол 1966 жылы 14 желтоқсанда Оралда дүниеге келген. Сондай-ақ, 2001 жылғы 4 маусымдағы сот шешімі бойынша қайтыс болғаны туралы деректер бар.

"Вераға көші-қон қызметінің қызметкерлері арқылы Ресейден Оралдың АХАЖ-на сұрау салу қажет. Алдымен оның қайтыс болғаны туралы деректі жою керек (мұны қайын атасы сотта жасай алады), содан кейін біз оның туу туралы куәлігін қалпына келтіре аламыз. Тек қажет анықтамаларды алғаннан кейін ғана ол шекарадан өтіп, Оралға келіп, қалған құжаттарды қалпына келтіре алады", - деп түсіндірді АХАЖ қызметкері.

Әйел қазір баспанасыз қалғанын айтады. Оның құжаттары өртеніп кеткен, кейін оларды қалпына келтірмеген. Өмір бойы бейресми жұмыс істеген. Қазір көзіне операция қажет екен. 

"Мен балаларымды бірнеше рет қайтаруға тырыстым, олар маған бермеді. Содан кейін үмітімді үзіп, Ресейге кеттім, ол жерде бір адаммен кездесіп, соған тұрмысқа шықтым. Маған да ұят, өз іс-әрекеттерімді ақтамаймын", - деді Вера.