09 қаз, 2019 сағат 10:12

Орал тұрғындары "1,5 мың ағаш отап салатын" көпірге қарсы болды

Орал қаласындағы қоғамдық тыңдау. 8 қазан 2019 жыл.

Сейсенбі күні Орал қалалық әкімдігіндегі қоғамдық тыңдау кезінде тұрғындар қала орталығын жаңа ауданмен жалғайды деп жоспарланған көпір экологияға нұқсан келтіретінін айтты. Кей тұрғындар көпірді басқа жаққа салуды ұсынса, кейбірі жобадан мүлде бас тартуды талап етті. Әкімдік өкілдері олардың ұсыныстарын ескеруге уәде берді.

Шаған өзеніне салынатын жаңа көпір қала орталығын "Ақжайық" ықшам ауданына жалғауы тиіс. Жоба бойынша, көпір салатын жердегі 1500 түп ағаш кесіліп, төңірегіндегі төрт тұрғын үй бұзылады.

- Жол саябақты кесіп өседі. Бұл - қалаға тыныс беріп тұрған қалың ағашы бар саябақ. Саябақ жойылса қала экологиясына тікелей әсер етеді. Экологияға әсері жайлы есеп-қисаптарыңыз бар ма?- деді тұрғындардың бірі Болат Жұрмұхамбетов.

Қала әкімінің орынбасары Бекжан Тоқжанов мұндай есеп жүргізілмегендіктен сұраққа жауап бере алмайтынын айтты.

- Бұл әзірге жоба мен қоғамдық тыңдау ғана. Нақты құрылыс жайлы әңгіме әзірге қозғалған жоқ, - деді Тоқжанов. Бірақ оның сөзіне қарағанда болашақ көпір жобасы бекітіліп қойған.

Жергілікті кәсіпкер Михаил Марченко жаңа көпір балық шаруашылығына кері әсер етеді деп санайды. Ол жаңадан салынатын көпір маңындағы шағын көлдерде он жылдан бері балықшылықпен айналысады.

- Құрылыс басталмай жатып, балыққа зияны тиіп жатыр: көп техника, құрылыс жұмыстары, қоқыстар, қалдықтар - осының бәрі судың сапасына әсер етеді, - деді Марченко.

Ал Бекжан Тоқжанов көпір құрылысы балық шаруашылығына әсер етпейді деп сендіруге тырысты.

Тұрғындар мен билік арасындағы диалог бірнеше сағатқа созылса да, жиналғандар ортақ шешімге келе алмады. Кездесу соңында тұрғындар мәселені дауыс беру арқылы шешуді ұсынған, бірақ қала әкімінің орынбасары Бекжан Тоқжанов келіспеді. Ол журналистер сұрақтарына жауап бермей кетті.

Әкімдік жоспары бойынша, Шаған өзеніне салынатын көпір 2020 жылы басталып, 2022 жылы аяқталуы тиіс. Құрылысқа шамамен 8-13 миллиард теңге жұмсалады.

Азаттық