Оралда 10 жасар қыздың қазасынан кейін жол қауіпсіздігі шаралары күшейтіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл туралы бүгін облыстық мәслихаттың сессиясы кезінде өңір басшысы Ғали Есқалиев мәлім етті.
«Соңғы кездегі жол-көлік оқиғаларының көбеюі бәрімізді алаңдатып отыр. Әсіресе, қаршадай қыздың қыршын кетуі қабырғамызға аяздай батты. Жол апаты көшенің жарықтандырылмаған, қараңғы тұсында орын алды. Осы оқиғаға байланысты Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековке сөгіс жарияланды. Жол қауіпсіздігін қатаң қадағалауды сондай-ақ БҚО полиция департаментіне тапсырамын», деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Оған қоса облыс әкімінің орынбасары Аманжол Алпысбаев жетекшілік ететін ведомствоаралық сарапшы топ құрылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 10 жасар қызды қағып, қашып кеткен жүргізушінің ұсталғанын, ал қыздардың мәйітін ауыстырып жібергендердің жауапқа тартылғанын жазған болатынбыз.