26 қаң, 2023 сағат 19:51

Оппозициядағы азаматтар депутат болуы керек – саясаттанушы

Facebook / Сайын Борбасов

19 наурызда Мәжіліс және мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау өтеді. Онда 12 млн-ға жуық азамат дауыс беріп, өз таңдауын жасай алады. 

Енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланса, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады. Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді. 

Осы орайда, саясаттанушы, саяси ғылымдар докторы Сайын Борбасов Ult.kz порталының тілшісіне бұл сайлау арқылы ықпалды Парламент қалыптастыру керегін айтты.

Оның сөзінше, алдымызда бүкіл қоғамды саяси жаңарту мақсаты тұр. Ол - қоғамды демократияландыру, демократиялық институттарды күшейту, билік тармақтары мен бөлінісін күшейту, негізгі формада «Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» жасау. 

«Міне, соған байланысты ықпалды Парламент жасау керек. Жасыратыны жоқ, бұрынғы Мәжіліс экс-президенттің тікелей тізімімен жасалған болатын. Оның ішіне Тоқаев өзінің 4-5 адамын кіргізе алды. Айдос Сарым, Ерлан Саиров сияқты өзінің бірнеше адамын енгізді. Бірақ негізінен Назарбаевтың адамдары болды. Мысалы, кешегі басы дауға қалған депутат Азамат Әбілдаев дегендер - Назарбаевтың ауылының адамдары, руластары. Сол Парламентке қалай кірді? Оларға мемлекеттің, ұлттың, елдің мүддесі маңызды емес. Өздерінің қалтасының мүддесі, кланның мүддесі болса болды. Міне, осындай адамдар Парламентте өте көп. Оны бәрі біліп отыр, сондықтан Парламентті еріксіз таратып отыр. Әйтпесе, бес жыл отыруы керек қой. Сондықтан бұл Парламент ауысуы керек. Ықпалды Парламент болу үшін, оған ықпалды адамдар кіруі керек. 28 адам можаритарлық сайлау жүйесі бойынша түседі ғой, осының өзі бір қуаныш», – дейді Сайын Борбасов. 

Саясаттанушы жалпы партиялық тізім дегенге қарсы екенін жасырмады. Айтуынша, можаритарлық жүйе - Францияда өзін ақтаған жүйе. Сол арқылы өзіміз биліктен көргіміз келген адамдарды сайлауға мүмкіндігіміз бар.

Сондай-ақ, ол ендігі Мәжілісте кімдерді көргісі келетінін де ашық айтты. 

«Ерлан Саировтың да, Айдос Сарымның да қайта келгені дұрыс. Әртүрлі әңгіме айтылады, пенде болған соң кемшіліктері болған шығар, бірақ сол сияқты адамдардың келгені дұрыс. Өз басым оппозициядағы азаматтарды, атап айтқанда Жасарал Қуанышалин, Ырысбек Сәрсенбай, Болат Әбілов, Жанболат Мамай сияқты азаматтарды көргім келеді. Сонда Парламент ықпалды болар еді, күшейер еді. Парламентті дірілдетіп ұстар еді. Сонда ғана Парламент күшейеді», – дейді Сайын Молдағалиұлы.

Айта кетейік, 19 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламентінің жетінші сайланған Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Мәжіліс құрамында 107 депутат бар еді. Ал жаңадан жасақталатын Мәжілісте Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланатын 9 мандат қысқарып, 98 депутат қалады және олардың өкілеттік мерзімі бес жыл болмақ.