30 мау, 2022 сағат 13:41

"Оператор РОП-тың" экс-құрылтайшысына іздеу жарияланды


"ӨКМ Операторы" ЖШС бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұхтарова күдікке ілініп, оған іздеу жарияланды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.

Антикор "ӨКМ Операторы" ЖШС басшылығына және басқа да тұлғаларға қатысты аса ірі мөлшерде ақша жымқыру белгілері бойынша соталды тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр.

"Қылмыстық іс аясында 2017-2018 жылдар аралығында Экологиялық кодекс талаптарын бұза отырып, оған 920 миллион теңге мөлшерінде дивиденд түрінде заңсыз төленген утильалым қаражатын иеленген "ӨКМ Операторы" ЖШС бұрынғы құрылтайшысы Мұхтарова Шынар күдікке ілінді", - делінген хабарламада.

Антикор мәліметінше, Шынар Мұхтароваға іздеу жарияланды және оған қатысты сот "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

"Егер сізде оның орналасқан жері туралы ақпарат болса, агенттік телефондарына хабарлауыңызды сұраймыз:

call-центр 1424

+7 (7172) 909 260

Іздестіріліп жатқан адамның орналасқан жері туралы ақпарат бергені үшін 4 000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін сыйақы көзделген", - делінген хабарламада.

Хабарламаның құпиялығына кепілдік берілетіні айтылды.