10 нау, 2017 сағат 14:18

Оңтүстікте мені «орыс» деп атайды - жемқорлыққа қарсы департамент басшысы Көмекбаев

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департамент басшысы Әли Көмекбаев "оңтүстіктің xалқы бір-біріне ақша беріп үйренген" деген сөзді естіген. 

Алайда өзі ондайға жол бермеуге тырысады. Сол себепті оны "орыс" деп атайды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Менің туып өскен жерім - Оңтүстік Қазақстан облысы. Қара шаңырақ сонда. Бірақ 18 жыл бойы мен осында - Астанада жұмыс жасадым. Енді, оңтүстікке қызмет бабымен барып отырмын. Иә, "оңтүстіктің xалқы бір-біріне ақша беріп үйренген, сөйтіп бір-бірін байытады" дегенді мен де естігенмін. Бірақ өзім оны көрмеймін. Жоқ деп, тағы айта алмаймын. Дегенмен, "ондай жүйе қалыптасып кеткен" деген сөзбен келіспеймін. Маған да түрлі әңгімелер түседі. Ол жақта мені "орыс" деп айтады да. Өйткені ондай қарым-қатынасқа жоламаймын. Өйткені мен тәрбиемді осы агенттікте алдым. Осы орталық аппаратта тәрбиемді алып бардым. Маған адам келеді, көмектесші деп сұрайды. Мен оған сайтты көрсетем де, ішінде дайындық тестері бар деймін. Солай дайындал деймін", - деді Көмекбаев бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, оңтүстік өңірде бірге оқыған және бірге жұмыс істеген қатарластары көп. Кейбір адамдар солар арқылы таныс-тамырластық іздейді екен. Алайда достары қолын бір сілтеп: "Одан нәтиже шықпайды. Ол "орыс" болып кеткен", - деп жауап қайтаратын көрінеді.

Айта кетейік, бүгін елордада өткен баспасөз мәслиxатында Ә.Көмекбаев memkyzmet.kz атты қосымша сайттың таныстырылымын өткізді. Аталған порталда мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, мемлекеттік қызметке жүгінетін қарапайым азаматтар да қажетті ақпаратты ала алады. Соның арқасында жемқорлық әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, департамент басшылығы мектеп директорларын тағайындау бойынша облыс әкіміне тиісті ұсыныстарын енгізуді көздейді.