23 сәу, 2022 сағат 02:12

Оңтүстік Кореяға жұмыс істеуге кеткен шымкенттік Батыр Оспановтың денесі табылды


Шымкент қаласының тұрғыны Батыр Оспанов Оңтүстік Корея еліне жұмыс істеуге кеткен. Алайда оны таныстары тұрып жатқан үйінен өлі күйінде тапқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Марқұмның таныстары оған анасының қаза болғанын естіртпек болған. Алайда хабарласа алмапты. 

Болмаған соң қаралы хабарды жеткізуге үйіне келгенде олар Батырдың бақилық болғанын көрген. Қазір оның мәйітін елге жеткізу қиындық туғызып отыр. 

«Жүрегі қысылып, күйзелісте жүрген. Сол кезде өз-өзіме сыймай жүрмін, қолым жұмысқа бармай жүр деген еді. Анасы осындай жағдайға душар болғанына сенбей жүрген. Бірақ маған нақты қашан қайтатынын айтпаған. Биыл оралуым мүмкін деген. Себебі, ойында іске асырсам деген жоспарлары болатын», - дейді марқұмның жұбайы Замира Аспанова. 

Шетелде жантәсілім еткен азамат құрылыс саласында еңбек етіп жүрген. Енді артында ұлы мен қызы қалды. 

Туыстарының айтуынша, ол қайтыс болардан 10 күн бұрын мүлде хабарласпай кеткен. Алайда, оған дейін жиі қоңырау шалып тұрыпты. 


Туыстары мүмкін анасының ауырғанын сыртта жүріп есту ауыр тиген болар деп болжам жасайды. 

«Корея көмек» қоғамдық қоры әкімшісінің сөзінше, Батыр Оспанов заңсыз мигрант болып жұмыс істеген. 

Ал, оның мәйіті 2022 жылы сәуір айының 20-сы күні өз үйінен табылған. Ондағы полиция департаменті берген ресми ақпаратқа сәйкес, ол сәуірдің 16-сы күні түнде көз жұмған. 

«Қазіргі таңда қосымша тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Мәйітті Қазақстанға жіберу үшін «Корея көмек» заңгерлері және Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілік өкілдері тиісті құжаттарды реттеп, жұмыс атқарып жатыр. ПД мәліметіне сәйкес, бұл азамат жүрек талмасынан қайтыс болған», - дейді «Корея көмек» қайырымдылық қорының әкімшісі Самат Ахметов.

Тергеу жұмыстары аяқталған соң 26 сәуірде марқұмның денесі туған жеріне жеткізілмек. 

Алайда мәйітті Оңтүстік Кореядан елге алып келетін компания бұл қызметі үшін 10 млн вон сұрап отыр. Бұл - 3,5 млн теңге. Қазір марқұмның туыстары мен таныс достары осы қаражатты жинап жатыр.