03 сәу, 2017 сағат 10:26

Оңтүстік Қазақстанда арықтарда су тасып, тұрғын үйлерге кіріп жатыр

Оңтүстік Қазақстан облысында нөсер жауыннан арық атыздарда су тасып, тұрғын үйлерге кіріп жатыр. Үш күн бойы толассыз жауған жаңбырдан жерасты сулары да көтеріліп кеткен, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Сәуір айы бастала салысымен толассыз жауған жаңбырдан Мақтарал ауданында жерасты сулары көтеріліп, жұртты әбігерге салды. Салдарынан Жетісай қаласындағы үйлерге су кіріп, қазір мұнда су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарға жергілікті әкімдік пен төтенше жағдай қызметінен 12 адам мен 3 техника жұмылдырылды.  


Ал, Шымкентте жаңбырдан көшелер мен аулаларға су толып, тұрғындардың жүріп тұруын қиындатып жіберді. Қаладағы Тәжібай ата,  Қожанов көшелеріндегі тұрғын үйлердің аулаларына су жиналып, мұнда да су сору жұмыстары қолға алынды. Шаһардың төтенше жағдай қызметінен 13 адам мен 3 техникадан құралған топ аулаларды судан тазартты.

Дәл осындай жағдай Сайрам ауданы мен Отырар ауданында да қалыптасты. Темір ауылы маңынан өтетін Арыс өзені бойында бөгеттер жасалып, тасқынның алдын алу шаралары жүргізілді. Оған жергілікті тұрғындар мен төтенше жағдай қызметінің 60 адам мен 4 техника жұмылдырылып, ұзындығы 15 метрдей болатын бөгет жасалды.   

Айта кетейік, демалыс күндері Арыс өзенінің үстіндегі жаңадан салынған көпірдің екі жанын су шайып, қауіпті жағдай туғызған болатын. Нәтижесінде «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» дәлізі бойында орналасқан өткелдің жағдайы қауіпті болуына байланысты  бұл жерден көліктердің қозғалысы тоқтатылған еді. Төтеншеліктер оның себебін Жамбыл облысынан келетін Боролдай өзенінің су деңгейі 40 сантиметрге дейін көтеріліп, Арыс өзеніне көп мөлшерде су  жіберілуінен туындаған деп түсіндірді. Судың қатты ағысына шыдас бермеген көпірдің жақтаулары бұзылып, Арысқа жіберілген судың  деңгейі төмендетілді. Көпір маңында қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін 18 адам мен 7 техника жұмылдырылған болатын.