Оңтүстік Африка Республикасының Квазулу-Натал провинциясындағы су тасқыны кем дегенде 300 адамның өмірін қиды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Africa News-ке сілтеме жасап.
Екі күн бұрын басталған нөсер жаңбыр соңғы 60 жылда болмаған ірі су тасқынына әкелді. Кейбір аудандарда бірнеше айлық жауын мөлшері бірден жауып, су көшкіні жүрді.
«13 сәуірде кешкісін бізге Квазулу-Натал провинциясындағы су тасқынынан қаза тапқандардың саны 306 адамға дейін жеткені хабарланды», - дейді табиғи апаттар салдарын жою жөніндегі басқарманың баспасөз хатшысы Нонала Ндлову.
Ел президенті Сирил Рамафоса Дурбан қаласының маңындағы су тасқыны мен көшкіннен зардап шеккен елді мекен тұрғындарымен кездесіп, көмектесуге уәде берді. Ол бұл апат климат өзгеруінің бір көрінісі екеніне тоқталды.
Оқиға орнында іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Соған қарағанда, зардап шеккендердің саны артуы мүмкін.