Халықаралық заңгерлер комиссиясының (ICJ - ред.) аға кеңесшісі Тимур Шакиров онлайн сот отырыстарына қойылатын халықаралық талаптарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Көптеген қылмыстық және азаматтық процестерде жеке тараптар мен олардың адвокаттары әдетте сотқа жеке қатысады. Алайда, COVID-19 індетінің өршуі салдарынан көптеген сот органдары қатысушыларды онлайн құралдармен шектеп отыр. Біз COVID-19 пандемиясы сияқты төтенше жағдайлар кезінде де кез келген адамның қылмыстық іске көзбе-көз қатысу құқығын толық сақтау керек деп есептейміз. Атап айтқанда, ұлттық заңдар мен ережелер, соттар мен басқа да билік органдары айыпталушыны сот процесіне көзбе-көз қатысудан шектеуге жол бермеуі керек. Әсіресе қылмыстық істерді қарау кезінде сот отырысына тікелей қатыстырудан бас тартып, орнына бейнебайланыс арқылы қатысуға мәжбүрлеуге болмайды», - деген Тимур Шакиров сот процесіне қызығушылық танытушылардың мүддесін қорғаудың маңыздылығына тоқталды.
«Қоғамның жекелеген өкілдерінің өтініші бойынша бейнежазбаға қол жеткізу немесе процесті бір уақытта тарату сияқты нұсқалар арқылы сот тыңдауларының жариялылығы сақталуға тиіс.
Қашықтан тыңдаулар өткізу кезінде соттар гендерлік зорлық-зомбылық құрбандарына, балалар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға қосымша қолдау көрсетілуін қамтамасыз етуге тиіс. Осы мақсатта, бейнебайланыс нақты тыңдау үшін жарамды ма, жоқ па деген сауалға жауап алынып, қатысушылардың мүмкіндігі сарапталуы керек. Егер мұндай шаралар қабылданбаса, айыпталушының, жәбірленушілердің және куәлардың құқықтарын ескере отырып, істі қарауды кейінге қалдыру мүмкіндігін қараған жөн», - деді халықаралық сарапшы онлайн отырыс барысында.