Өңірлерге көмір жөнелту уақыты жүргізілуде. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Көмір бағасын өсірмеу үшін біраз іс-шара қабылдадық. Ең алдымен көмір өндіретін ірі компаниялармен Қаражыра, Богатырь, Шұбаркөлмен меморандумға қол қойылып, тұрақты бағаға келістік. Бағалары 5 200-ден басталады. Ең қымбаты Шұбаркөл көмірінің тоннасы 5 700 теңгеден болады», - деді министр Сенат депутаттарының сауалына орай.
Оның айтуынша, биылғы жылыту маусымында өңірлерден 9,3 млн тонна көмірге сұраныс болған. Қазіргі уақытта бұл көлемнің 8,8 млн тоннасы өңірлерге жөнетілді.
«Бүгінгі таңда вагондар уақытылы беріліп жатыр. Көмір кеніштеріндегі баға тұрақты. Көмір өңірлерге жеткізілгенде олардың өздерінің бөлу орталықтары бар. Қазіргі уақытта Шұбаркөл көміріне сұраныс көп болғандықтан қараша айында 484 мың тонна көмірге қосымша тапсырыс бердік. Көмір уақыты тиеліп жөнелтіліп жатыр. Өңірлерден тағы сұраныс болса, онда көмір көлемін арттыруға дайынбыз»,- деді Бейбіт Атамқұлов.