10 жел, 2020 сағат 09:18

Өңірлерде 54 млрд теңге игерілмеген – Қаржы министрі

ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджет қаражатын игермеген өңірлерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жергілікті бюджеттердің шығыстары 7,1 трлн теңгені құрады, атқарылмағаны - 208 млрд теңге. Биыл өңірлерге 2,2 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Алдын ала деректер бойынша оларға 1 желтоқсанға дейін 2 трлн теңге бөлінген. Олардың 96,7% игерілген. Атқарылмағаны - 66 млрд теңге, оның ішінде 12 млрд теңге үнемделсе, 54 млрд теңге игерілмеген», - деді Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында. 

Қаражатты игере алмаған өңірлер арасында Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары бар. 

«Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес, жыл қорытындысында нысаналы трансферттер бойынша 26 млрд теңге сомасында жоспардың орындалмауы болжанып отыр. Оның негізгі себептері: мемлекеттік сатып алу бойынша үнемдеу; жоспарға қарағанда алушылардың нақты санының азаюы; жұмыс жүргізу кестесінен артта қалу, жұмыс көлемінің орындалмауы. Сондықтан, республикалық бюджеттік бағдарлама әкімшілері мен жергілікті атқарушы органдар бюджет қаражатын тиімді және толық игеру үшін барлық шараларды қабылдауы қажет», - деді Қаржы министрі.