21 там, 2018 сағат 16:26

Өңір дамуында өзгеріс көп

Барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша облыста оң динамика қалыптасып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде өсім бар. Индустрияландыру бағдарламасы аясында облыс экономикасын әртараптандыру жалғасып келеді. Соның арқасында жүзеге асырылған 22 жобаның 16-сы бүгінде толық қуатында іске қосылды.

Жыл басынан бері іске қосылған жобалар бойынша 11,2 млрд теңгенің өнімін өндіріліп, табыс өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 30,2 пайызға өсті. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібінде 7,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға артты. Индустрияландыру бағдарламасы аясында облыста қазіргі таңда 6,2 мың жұмыс орнын құратын, жалпы құны 620 млрд теңгелік 26 жобаны жүзеге асырылуда. Биыл жыл соңына дейін үш ірі кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр.

– Облыста тіркелген кәсіпкерлік нысаны саны – 51753. Биыл облыста жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жол картасын жүзеге асыруға бөлінген 32 млрд теңге қаржының 3 млрд теңгеден астамы «Стартап» жобаларына бағытталды. Мұнан бөлек, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберінде микокредиттер беру мәселесіне назар аударылып,  224 жоба жалпы құны 200 млн теңге грантқа ие болды. Бүгінге дейін «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 796 адам оқу курсынан өтіп оның 704-і бизнес жобаларын қорғап шықты, – деді облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким өңірлік коммуникациялар қызметінде.

Облыс әкімінің орынбасары кәсіпкерлікті қолдау тағы да екі жылға ұзартылып отырғанын жеткізді. Бизнес өкілдеріне қолайлы жағдай жасау, кедергіні азайту жалғаса береді. Сонымен қатар, туристік индустрия саласында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Қызылорда туристік ассоциациясы құрылып отыр. Қазақстандық туристік ассоциацияның келісімімен біздің облыстан 15 туристік маршрут бекітілді. Жыл басынан бері Қызылорда облысына келген туристер саны 12 мың адамнан асты. Бүгінде облыста 90 қонақ үй, 2 санаторий, 41 демалыс орны, 9 балаларды сауықтыру лагерлері бар. Тек соңғы бес жылда облыста 33 қонақ үй пайдалануға берілген.

Бюджет қаржысын үнемдеуге мемлекеттік-жеке меншік әріптестік оң әсерін тигізген. Бұл бағытта 75 жоба жүзеге асырылуда. Олардың құрылысына салынатын инвестиция көлемі 30 млрд теңгеден асады. Қазіргі күні мемлекеттік жеке әріптестік бойынша 18 жоба бойынша келісімдерге қол қойылған.

Сондай-ақ, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және «Smart city» концепциясы шеңберінде биыл Сыр өңірінде цифрландыру бойынша жалпы құны 2,4 млрд теңгені құрайтын 37 жоба іске асырылу үстінде. Бұл жобалар 8 бағытты құрағанмен білім беру, денсаулық сақтау, көлік қатынасы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және адамдардың қауіпсіздігі басым бағыттарға ие болады.

Мысалы, облыстың барлық медициналық ұйымдары кешенді медициналық ақпараттық жүйесіне қосылып, пациенттерді қабылдау «Дамумед» мобильдік қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Осы жылғы 1 шілдеден бастап медициналық ұйымдарды «қағазсыз құжат айналымға» көшіру бойынша жұмыстар басталды. Болашақта облыс тұрғыны республиканың қай түкпірінде жүрсе де электронды медициналық картасымен дәрігерге көріне алады. Сол секілді сәби дүниеге келгеннен үйге шығарғанша оған туу туралы куәлік, балабақша кезегіне қою және әлеуметтік жәрдемақы беру жөніндегі құжаттар дайын тұратын болады.