Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, театр және кино актері, режиссер Асанәлі Әшімовпен кездесу өтті. Кездесу «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай еліміздің айтулы тұлғаларымен, мәдениет және өнер қайраткерлерімен өткізілетін «Жетісудағы жүздесу» жобасының аясында ұйымдастырылды.
Биыл өнер тарланы Асанәлі Әшімов 80 жасқа толды. Осы мерейтой аясында облыс басшылығы жетісулықтармен кездесуге А. Әшімовті арнайы шақырып, құрмет көрсетті.
Алдымен 80 жылдық мерейтойға арнап түсірілген «Сыр тұнған Айсберг» атты деректі фильм көрсетілді. Фильмде актердің өмірі мен шығармашылығы қатар өріліп берілген. Өмірдің сан қилы белестері, қиындықтары мен қызығы, үміт пен сенім, қажыр мен қайрат – жүріп өткен баспалдақтарының барлығы да көрерменнің көз алдынан тізбектеле өтті.
Мұнан соң көпшіліктің ыстық ықылас, қол шапалақтауымен сахнаға көтерілген Асанәлі Әшімов жетісулық қауымға ризашылығын білдіріп, өмір туралы, өнер туралы ішкі толғамдарымен бөлісті. Сахнаға шыққан актердің жары Бағдат, қызы Сағина мен ұлы Асанәлі де аты аңызға айналған талант иесінің қамқор отағасы, ардақты әке ретіндегі болмысына сөз арнады.
Кеш соңында облыс әкімі Амандық Баталов өзінің Алматы қаласында құрылыс саласында еңбек етіп, «Қазақфильм» киностудиясын тұрғызған кездегі Асанәлі Әшімовпен алғаш кездескен сәттерінен естелік айтты.
- Сізді қазақ театр және кино өнерінің мэтрі деп мақтанышпен айтамыз. Жетісу жұртшылығының сізге деген ықыласы бөлек. Қайталанбас қолтаңбаңызды бағамдау, өнердегі баспалдақтарыңыз, өмірлік тәжірибеңіз қоғам үшін, кейінгі жас буын үшін аса қажет. Сондықтан мұндай кездесулердің маңызы зор деп есептеймін. Қазақ өнеріне қызмет ете беріңіз. Жасыңыз жүзге жетсін! – деді А. Баталов.
Мұнан соң абыз ақсақалдың иығына шапан жауып, сый-сияпат көрсетті.
Кездесу соңында жұртшылық Асанәлі ақсақалмен емін-еркін тілдесіп, қолтаңба алып, естелікке суретке түсті.