16 нау, 2021 сағат 08:08

Өңдеу өнеркәсібі саласында оң динамика қалыптасты – Үкімет басшысы

Еліміздің өңдеу өнеркәсі саласында оң динамика қалыптасты. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

«Мемлекет басшысының Жолдауына және «Nur Otan» партиясының бағдарламасына сәйкес Үкіметке 2025 жылы өңдеу өнеркәсібінің өндірісін 1,5 есе арттыру міндеті белгіленді. Салада оң динамика қалыптасты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өсу 3,9 пайызды құрады. Бұл ретте жалпы ішкі өнім құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі 12,7 пайызға өсті», - деді Үкімет басшысы. 

Оның дерегінше, Индустрияландыру картасының аясында шамамен 1 трлн теңгеге 201 жоба енгізілді. 19 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны, оның 7 мыңнан астамы ауылдық жерлер мен моноқалаларда құрылды. Өңдеу секторының өндірушілеріне шамамен 300 млрд теңгеге мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді. Бұл өндірістің, инвестициялар мен экспорт көлемінің өсуіне ықпал етті. 

«Саланың дамуына «қарапайым заттар экономикасы» салаларына жеңілдікпен кредит беру механизмі оң әсер етті. Оның аясында бүгінгі таңда 700 млрд теңгеден астам сомаға шамамен 3 мыңға жуық жоба қаржыландырылды. Осы жұмыстың барлығын белсенді түрде жалғастыру керек», - деді Асқар Мамин.

Премьер-Министр «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілгенін, ол бәсекеге қабілетті және жоғары технологиялық өнеркәсіпті қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. 

«Индустрия министрлігі оны ілгерілетуді қамтамасыз етуі керек», - деді ол.