13 мам, 2022 сағат 16:52

"Ондай болмау керек!": Үкімет автосалондарға ескерту жасады


Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр автосалондарға ескерту жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бүгін халықаралық көлік жасаушылар форумына қатысқан Скляр Қазақстандағы көлік бағасына қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, дилерлер заң аясында жұмыс істейді. Олар көлікті шетелде сатып алып, Қазақстанда өткізе алады. Алайда қосымша қызметтерді тықпалай беруге болмайды.

"Автосалондарда қосымша қызметтерді ұсынатындармен тиісті мемлекеттік органдар айналысуы тиіс. Ондай болмауы керек", - дейді Скляр.

Осы орайда автосалондар қызметі индустрия және сауда министрліктерінің құзіретіне жатады. Дәл осы мемлекеттік органдар тәртіп бұзушылықтардың анықтауға міндетті. Скляр Қазақстандағы шетелдік көліктерге баға белгілу жүйесі ашық емес деп санайды. Ал отандық көліктердің үстеме ақысы көп емес.

"Қазақстанда көлікті ұсақ құрастыру желісі болсын, ірі құрастыру желісі болсын, шығарылған өнімнің бағасы белгілі. Сосын "Өнеркәсіптік саясат туралы" заңға сәйкес, машкомплекттерді шығаратын зауыт пен біздің зауытымыздың арасында делдалдар болмауы керек. Сондықтан олар локализация туралы айтқанда, мәселен, 32 процент дейді ғой, бұның бәрі – өзіміздің көлік өндіруші компанияның тапқан табысы. Одан кейін дайын өнімді дилерге жіберіледі, ол үстеме бағасын қосып сатады", - деп атап көрсетті Скляр.

Премьер-министрдің орынбасары көліктердің Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша қымбаттап жатқанын да жеткізді.

Ал отандық өндірушілер металдың қымбаттауына, тасымал мен логистиканың өзгеруіне әсер ете алмайды.