04 қар, 2021 сағат 15:34

Оңдасын Оразалин: Өңірдегі субсидия дауына мемлекеттік қызметшінің қатысы жоқ


Субсидия қаражатын жымқыру ісі бойынша Ақтөбе облысында кімдердің үстінен іс қозғалды? Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинге БАҚ өкілдері осындай сұрақ қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сіз шенеунік деп мемлекеттік қызметшілерді меңзеп отырсаңыз субсидия дауына ілінген адамдардың арасында мемлекеттік қызметшілер жоқ. Маған жеткен ақпарат бойынша, қылмыстық іс күн панельдерін сатып алып, орнату бойынша қозғалған. Мұндай шараға мемлекттен 80 пайызға дейін субсидия қарастырылған еді. Менің білуімше, аталмыш жұмыспен Ұлттық аграрлық-ғылыми білім орталығының Ақтөбе облысындағы өкілдері айналысқан. Яғни бұлар мемлекеттік қызметші емес» - деп жауап берді Оңдасын Оразалин. 

Сондай-ақ, ол облыс аумағында тергеу шаралары әлі жүріп жатқанын атады. 

«Аталмыш ұлттық орталықтың 2 қызметкері ұсталды. Жергілікті атқарушы органдар бойынша айтсақ, сұратылған қажетті құжаттың бәрін бердік. Бұл жерде шаруа қожалықтарының қызметіне байланысты құжаттар болса керек. Бүгінгі таңда жергілікті әкімдік қызметкерлеріне қандай да бір нақты айып тағылып отырған жоқ. Қалғанын тергеу жұмыстары көрсетеді», - деді облыс басшысы.