05 там, 2019 сағат 15:54

Оңдасын Оразалин мұнай-газ компаниясына жергілікті азаматтарды жұмысқа алуды тапсырды

Ақтөбе облысының әкімі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мен «Gas Processing Company» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Мұнай-газ компаниясына жергілікті азаматтарды көптеп жұмысқа тартуды тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оңдасын Оразалин Мұғалжар және Байғанин аудандарына жұмыс сапарымен барды. Алдымен «CНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның Жаңажол газ өңдеу зауытындағы жұмыспен танысты. Жылына 7 млрд текше метр газ өндіруші «CНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ы өңірдегі Индустрияландыру картасына енген ең ірі кәсіпорындардың бірі. Мұнда 1585 адам жұмыс істейді.


«Облыс басшысы Байғанин ауданындағы 2018 жылы іске қосылған «Gas Processing Company» ЖШС-нің жұмысын көрді. Жылына 300 млн текше метр көгілдір отын, 37 мың тонна техникалық пропан-бутан қоспасын, 5400 тонна газ конденсатын, 10 500 тонна күкірт шығаруға қуатты. 260-қа жуық азамат жұмыспен қамтылған. Өндіріс орны тазарту, кептіру, ілеспе мұнай газын жан-жақты дайындаумен айналысады. Оңдасын Оразалин «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Gas Processing Company» ЖШС-нің басшылығына қоршаған ортаны барынша ластамауды және кәсіпорынға жергілікті азаматтарды көптеп жұмысқа тартуды тапсырды», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, бұдан кейін әкім Жаңажол ауылдық округінің орталығы Оймауыт ауылында барып, мектеп, балабақша, амбулатория жұмыстарын көрді. Барлығы 40 орынды «Оймауыт» балабақшасы алғашында мектеп жанындағы интернат мақсатында салынған ғимаратта орналасқан. Ғимарат 2006 жылы күрделі жөндеуден өту барысында балабақша болып өзгертілген. Ауыл балаларының уақытын тиімді өткізуіне жағдайлар жасалған. Мұнда 6 педагог жұмыс істейді.


Оңдасын Оразалин С.Жиенбаев атындағы орта мектебінің жаңа оқу жылына дайындығын көрді. 140 орынға арналған мектеп заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Білім ордасы 2014 жылы күрделі жөндеуден өтіп, қазірде 36 мұғалім қызмет етеді. Облыс әкімі мәдениет үйінде оймауыттық тұрғындармен кездесіп, ауыл мәселелерін тыңдады.