«Бұқара-Орал» магистралінен Ақтөбе қаласына үшінші газ құбыры тартылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жалпы, Ақтөбе қаласында газ тапшылығы байқалады. Шетелдік инвесторлар зауыт ашуға, басқа да кәсіпорындар салуға ынталанып отыр. Бірақ біз оларды электр қуатымен, газбен және басқа да инфрақұрылыммен қамтамасыз етуіміз керек. Қазіргі таңда Ақтөбенің өзінде газ жетіспеушілігі бар. Біз «инвестиция тартамыз, жұмыс орындарын құрып, зауыттар ашамыз» десек, әуелі газ мәселесін шешуіміз керек», - деді ол.
Оның атап өтуінше, осыған байланысты Ақтөбе қаласына «Бұқара-Орал» магистралінен үшінші газ құбырын салу мәселесі пысықталып жатыр.
«Бұл енді үлкен жоба. Кемінде 40 млрд теңгеге дейін қаржыны қажет етеді. Соған бір жағынан қызығушылық танытып отырған инвесторларды тартып, екінші жағынан Үкімет қолдауына ие боламыз деп отырмыз. Бұл қажет болса, бюджеттен де қаржыландыруға толық мүмкіншілік бар деген сөз. Дегенмен, бұл мәселені біз 2-3 жылдың ішінде шешуміз керек. Себебі инвестиция тартамыз десек, оған толық жағдай жасаған жөн», - деді О.Оразалин.