Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Үкіметтен өңірдегі шаруалардың қырыққабатын өткізіп беруге көмек сұрады. Оның айтуынша аймақта қазір сатылмай жатқан 250 мың тонна қырыққабат бар, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Түркістан облысында 300 мың тонна қырыққабат өсірді. Бірақ қазір Ресейден сұраныс бірден төмендеп кетті. Біз облыстардың бәрімен меморандумға қол қойғанымызбен олар да алмай жатыр. Сондықтан облыста осындай өзекті мәселемен бетпе-бет келдік», - деді Үкімет отырысына онлайн режимде қосылған Өмірзақ Шөкеев.
Түркістан өңірінің әкімі қырыққабаттың бір келісі 10-15 теңгеге дейін төмендеп кеткенін жеткізді.
«Фермерлер үлкен шу көтеріп жатыр. Сондықтан министрліктермен бірге мүмкіндіктерді қарастырған жөн секілді. Бәлкім облыстармен, Ресейдегі логистикалық компаниялармен бірге осы жұмысқа кіріскен абзал. Бізде қазір 250 мың тонна қырыққабат дайын тұр. Оны сатпасақ үлкен проблемаға айналатын секілді», - деді Өмірзақ Шөкеев.
Бұл ретте Үкімет басшысы Асқар Мамин Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа Түркістанның шаруаларына көмек көрсету керектігін тапсырды.