Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдің Абай ауылында орын алған бала зорлығына қатысты оқиғаға пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Балаларға зорлық көрсету тақырыбына келсек, мен әкім болған күннен бастап бұл мәселені қолға алдық. Соның бірі – арнайы комиссия құрылды және Аружан Саин келіп қайтты. Байқағандарыңыздай, осы проблемамен күрес үшін кешенді жоспар да құрылды. Барлық әкімдер тартылып, өңірлерде психологиялық қолдау көрсету орталықтарын ашу шешімі қабылданды. Абайдағы жағдай бойынша біраз уақыт тергеп-тексеру жұмыстары жүрді. Соттың шешіміне қатысты біз пікір білдіре алмаймыз. Дегенмен, менің айтарым, өңірдегі барлық мемлекеттік органдар оның ішінде, құқыққорғау органдары балаларға қарсы зорлық және суицид проблемасымен жұмыла күресуге дайын. Бұл, біздің ғана аймақтың мәселесі емес. Онымен күресудің тиімді әдіс-тәсілін таңдау керек. Сондықтан біздің өңірде бұл мәселе жіті бақылауда», - деді Ө. Шөкеев бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Одан бөлек, облыс басшысы өңірдегі жемқорлық мәселесін сөз етті.
«Ел арасында біздің өңірде мұғалім немесе еден жуушы болып жұмысқа тұру үшін пара беру керек деген сыбыс таралған. Дегенмен өткен жылдан бастап әлеуметтік мекемелерде жұмысқа орналасу процесі арнайы портал арқылы жүзеге асырылады. Яғни ешқандай директор немесе мекеме басшылығының қатысуынсыз өтеді. Сондықтан да еңбекпен қамтуда әділдік пен ашықтық – басты орында», - дейді ол.
Еске салсақ, Түркістан облысының Абай ауылында мектеп оқушыларына 7 жасар баланы ұрып-соғып, зорлады деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалған болатын.