30 қыр, 2019 сағат 10:27

Өмірзақ Шөкеев: Арыстағы жұмыстар бәріміз үшін жақсы тәжірибе болды

Арыс қаласын қайта қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан құрылысшылар бәрін уақтылы аяқтап, елдеріне қайтып жатыр.

Бүгінде 17 сектордың барлығында күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Бұл туралы Арыста өткен жоспарлы аппараттық жиында айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев төрағалық еткен отырыста Арыста атқарылып жатқан жұмыстар мен жол, кәріз жүйесі мен құжаттандыру мәселесі жайлы соңғы мәліметтер сөз болды. Жарылыстан 8 мыңнан астам тұрғын үйдің 7634-і зақымданған болса, оның 500-ге жуығы мүлдем жарамсыз күйге түскен болатын. Ал, толық сүріліп тастап, қайта көтерілген нысандардың тізімінде көпқабатты үш тұрғын үй бар. Бұл күнде үйлердің құрылысы да аяқталуға таяды. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Аталған жұмыстарға облыс бойынша 3 мыңға жуық адам тартылды.

«Үш айда толық жаңарған Арыс қаласында жүргізілген ауқымды жұмыс бәріміз үшін жақсы тәжірибе болды. Аз ғана уақытта тұтас бір қаланы қайта аяққа тұрғызу тарихта болмаған. Бұл еліміздегі бірлік пен ынтымақты айшықтайтын көрініс. Мұндай жағдай енді қайтып басымызға түспесін», - деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Жиында Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов көне шаһардағы құрылыс жұмыстарын да баяндап өтті. Бүгінде облыс орталығы 16 секторға бөлініп, оларға облыстың басқармалары мен аудан-қалалары, қалалық әкімдіктің бөлімдері жауапты болып бекітілген. Әкімнің айтуынша, барлық аумақтардың жұмыстары тынымсыз жүргізіліп жатыр.

Бұл ретте Өмірзақ Шөкеев қала басшысына халықпен жұмыс істеп, тазалық мен тәртіпті басты назарда ұстауды тапсырды. Түркістан қаласын көркейту жұмысын бақылау облыс әкімінің орынбарасы Ұлан Тәжібаевқа жүктелді. Алдағы уақытта Түркістанда үлгілі көше, аулалар анықталып, үздіктерге қошемет көрсетілетін болды.