29 нау, 2019 сағат 12:30

Өмірзақ Шөкеев әлеуметтік желіде жеке парақша ашты

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев халықпен тығыз байланыс орнату үшін Facebook әлеуметтік желіcінде жеке парақшасын ашты. Осылайша аймақ басшысы тұрғындарды толғандырған мәселелермен танысып, олардың оң шешілуіне ықпал жасамақ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Құрметті отандастар! Қазіргі таңда әлеуметтік желілер көптеген қызмет салаларында маңызға ие және қоғаммен байланыс үшін ең танымал платформа болып қала береді. Әлеуметтік желілерді пайдалану - уақыт талабы. Соған сәйкес, енді Facebook әлеуметтік желісінде өз парақшамды ашып отырмын. Бұл парақша арқылы аймақтағы жаңалықтарды және өзгерістерді хабарлайтын боламын. Сонымен қатар, маған Сіздердің пікірлеріңізді білу және ұсыныстарыңызды қарап, жауап беру маңызды. Енді #Shokeevke_suraq хэштегі арқылы өз пікірлеріңізді, тілектеріңізді қалдыра аласыздар» делінген парақшада.

Өңір басшысы жеке парақшасында сондай-ақ, жаңадан облыс орталығы болған Түркістан қаласының дамуы  мен облыс аумағында атқарылып жұмыстарды  жазып көрсеткен. Алдағы жоспарларымен бөліскен.

«ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи шешімі - облыс және түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қуатты серпін берді. Бұл тарихи қадам рухани астананың жаңа мүмкіндіктерін ашты. Бүгінгі күні қасиетті қалада ауқымды өзгерістер болып жатыр, жаңа қала салынуда. Бұл бағыттағы жұмыстар қызу түрде жалғасады. Менің алдымда үлкен міндеттер тұр. Басты мақсат - облыс халқының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсарту. Осы аптада мен Келес және Сарыағаш аудандарына барып, шаруа қожалықтары мен кәсіпорындардың жұмысымен таныстым. Жерлестерімнің еңбекқорлығы мен облыстың әлеуеті зор екенін атап айтқым келеді. Мұндай сапарлар алдағы уақытта да жалғасатын болады»,- дейді Өмірзақ Шөкеев.