29 жел, 2018 сағат 13:46

Өмірзақ Шөкеев: 2018 жыл ауыл шаруашылығы үшін өте берекелі болды

ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев 2018 жыл ауыл шаруашылығы үшін берекелі әрі табысты жыл болғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы жыл ауыл шаруашылығы саласына өте табысты болды. Көптеген жүйелі мәселелер шешілді. Ең бастысы біз Үкіметпен және Парламентпен бірлесіп, жаңа бағдарламаларды қабылдадық. Жарты жылдың өзінде біршама нәтижеге қол жеткізілді. Мал шаруашылығында, ет өндіруде, экспортқа шығаруда, еңбек өнімділігін өсіру жолдарын цифрландыруда көптеген шаруа атқарылды», - деді Өмірзақ Шөкеев Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Өмірзақ Шөкеев өз сөзін нақты көрсеткіштермен шегелей түсті.

«Жыл өте берекелі, астықты болды. 22,8 млн тонна астық жиналды. Экспорт былтырғыға қарағанда 34 пайызға ұлғайды. Ет экспортын, өткен жылы уәде бергендей, 5 мың тоннадан 18 мың тоннаға жеткіздік. Келесі жылы 30 мың тоннаға жеткіземіз деп отырмыз. Сондықтан, осы жыл ауыл шаруашылығы саласына өте берекелі әрі табысты жыл болды деп ойлаймыз», - деді ол.

Қызметіңізде не қиындық кездесті деген сұраққа Өмірзақ Шөкеев «үйренген қызмет қой» деп жауап берді.

Еске сала кетсек, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жылды қорытындылап, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда белсенді жұмыс жүргізген әріптестерінің бәріне алғыс айтқан болатын. Премьер-министрдің айтуынша, Елбасы міндеттеген барлық міндеттерді абыроймен орындау үшін Үкімет мүшелері бар күш-жігерін салған.