Олжас Сүлейменовтің 26 жастағы немересі Ескендір Сүлейменовтің көз жұмуына себепкер болған жол-көлік оқиғасына қатысты сот ісіне нүкте қойылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Сот Малика Мұхитованы ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, қауіпсіздігі минималды түзету мекемесінде екі жылға бас бостандығынан айыру туралы, 5 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру туралы үкім шығарады», - деді іске қатысты үкім шығарған судья Қанат Тобағалиұлы.
Малика Мұхитова сонымен бірге сот процесі кезінде кеткен 324 мың теңгелік процессуалдық шығынды өтейтін болды.
"Сіздің тарапыңыздан заң бұзушылықтар болғаннан кейін, сот сізді қылмыстық заң бұзушылық жасағаныңыз үшін айыпты деп таныды. Барлық сарапшыдан жауап алынғаннан кейін, сот осындай қорытындыға келіп отыр. Сіздің татуласуға ниетіңіз болғаны ескерілді, алайда зардап шеккен тараптың ұстанымын ескере отырып, сот қатаң жаза белгіледі. Дегенмен сот сізді үкім заңды күшіне енгенге дейін қамауға алмайды. Егер сіз үкіммен келіспесеңіз, 15 күн ішінде шағымдана аласыз", — деп түсіндірді судья Қанат Тобағалиұлы.
Ал, Sputnik агенттігінің хабарлауынша, Малика Мұхитованың адвокаты Дмитрий Куряченко сот үкіміне шағым түсіретінін мәлімдеген.
"Сот үкіміне шағым түсіруге 15 күн беріледі. Менің қорғауымдағы адам бұл мүмкіндікті пайдаланады деп ойлаймын. Ол өз кінәсін мойындап отыр. Бірақ мен қорғаушы ретінде оның бұл істегі жағдайын жеңілдету үшін барлық мүмкіндікті, амал-тәсілдерді қолдануым керек", — деді ол.
Еске сала кетсек, осы маусым айында Астанадағы жол апатында Олжас Сүлейменовтің 26 жастағы немересі Ескендір Сүлейменов мерт болған еді. Ескендір тізгіндеген мотоцикл қиылысқа шыққан көлікке соғылды.
Арада көп өтпей Астана қалалық Ішкі істер департаменті апатқа себепкер болуы мүмкін Hyundai автокөлігінің иесі, 29 жастағы астаналық келіншекке қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлаған еді.
Айта кетсек, 12 қазанда Олжас Сүлейменовтің немересінің өліміне қатысты сот процесі басталып, Ескендір Сүлейменов қаза тапқан жол апаты бойынша сотталушы Малика Мұхитова марқұмның ата-анасынан кешірім сұраған еді.
Іс бойынша прокурор Ә.Бараев соттан айыпталушыны 2 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
сурет: Sputnik