Атырау қаласында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты еске алуға арналған волейболдан ардагерлер арасында халықаралық турнир мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық спорт басқармасының баспасөз хатшысы Ілияс Шайхиевтің айтуынша, үш күн бойы Өзбекстан астанасы Ташкент қаласының, еліміздің Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстары мен Алматы, Шымкент, Ақтау, Астана және Атырау қалаларының мықтылары жүлделерді өзара сарапқа салды.
Жарыс жеңімпазы болып Алматы қаласының «КазНАУ Буревестник» құрама командасы танылды. Қазақстанның Еңбек Ері, ақын, жазушы Олжас Сүлейменов бастаған команда барлық қарсыластарын айқын басымдылықпен ұтты.
Екінші орынды Ақтау қаласының «Маңғыстау» командасы еншілесе, үздік үштікті Тараз қаласының «Ардагер» командасы қорытындылады.
Жарыстың үздік ойыншысы болып Олжас Омарұлы танылды. 83 жастағы ардагерге дәстүр бойынша «ат» мінгізілді. Осымен оныншы мәрте ұйымдастырылған турнирге жарыс қонақтары жоғары бағасын берді.
Жарыстың ашылу салтанатында Халық жазушысы 90 жасқа келгенше волейбол ойнағысы келетінін айтып өтті.
«Батырлар еліне келгенде барлық марапатымды ысырып қойып, осы бір төсбелгіні тағуды ұйғардым. Себебі бұл маған деген күллі Батыс өңірінің жасаған құрметі», - дейді Олжас Омарұлы.