Жазушы Олжас Сүлейменов екінші мәрте жиенінің өліміне себепкер болған жол-көлік оқиғасы бойынша сотталушы Малика Мұхитованы бас бостандығынан айырмауды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Судья Әсем Рамазанова көпшілікке жазушының хатын оқып берді.
«2019 жылдың 10 қаңтарында Астана қаласының сотына хат келіп түсті. «Ескендір бала кезінен көз алдымда өсті. 1995 жылы мен Италияда елші болдым да, ол бастауыш мектепке барды. Содан кейін 2001-2013 жылдары Парижге жұмысқа ауыстым. Ескендір орта мектеп пен университетті сол елде аяқтады. Оның ата-анасы ертеректе ажырасып кеткен, сондықтан осы жылдар бойы ол ұлым секілді бізбен бірге тұрды. Адвокат Куряченко Париждегі оқу орындарына сұрау жіберіп, зерттеу барысында Ескендірдің ол жақта ешқашан айыпқа тартылмағаны туралы жауап алды. Ескендір 26 жыл бойы бір стақан алкоголь ішпеген, темекі шекпеген. Студент ретінде Францияда көлік пен мотоцикл жүргізу құқығына ие болды. Еуропада бір де бір айыппұлсыз және түсініксіз бірнеше жылдан бергі көлік жүргізу тәжірибесі бар», - деді судья Әсем Рамазанова.
Жазушы келешекте қызы әкесінің ұстанымын түсінетініне сенім білдірді.
«Ескендірдің ата-анасы мен әжесінің жағдайын менен артық ешкім түсінбейді. Қабырғаны қайыстыратын ауыр қаза кезінде адамдар діннен жұбаныш табады. Құран мен Библия рақымшылдық пен кешірімге шақырады. Мен отбасының үлкені ретінде Астана қаласының сотына Мұхитованы немқұрайлығы үшін айыптап, бірақ бас бостандығынан айырмау туралы өтініш жібердім, бүгін осы өтінішімді тағы жіберіп отырмын. Зайыбым мені қолдады. Қызым Лейла мен басқа туыстарым ең ауыр жағдайларда адамды кешірімділік құтқаратынын түсінер деген сенімдемін. Лейла екі қызын өсіріп жеткізіп, өз жан дүниесінің тыныштығын қалпына келтіруі керек», - деп жазған О.Сүлейменов.
Айта кетсек, бұдан бұрын да О.Сүлейменов Мұхитованы бас бостандығынан айырмауды сұраған болатын.
Еске сала кетсек, өткен жылдың қараша айында Олжас Сүлейменовтің 26 жастағы жиені Ескендір Сүлейменовтің көз жұмуына себепкер болған жол-көлік оқиғасына қатысты сот ісіне нүкте қойылған болатын.
«Сот Малика Мұхитованы ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, қауіпсіздігі минималды түзету мекемесінде екі жылға бас бостандығынан айыру туралы, 5 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру туралы үкім шығарады», - деп іске қатысты үкім шығарған еді судья Қанат Тобағалиұлы.
2018 жылдың маусым айында Астанадағы жол апатында Олжас Сүлейменовтің 26 жастағы жиені Ескендір Сүлейменов мерт болған еді. Ескендір тізгіндеген мотоцикл қиылысқа шыққан көлікке соғылған. Арада көп өтпей Астана қалалық Ішкі істер департаменті апатқа себепкер болуы мүмкін Hyundai автокөлігінің иесі, 29 жастағы астаналық келіншекке қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады. Өткен жылдың 12 қазанында Олжас Сүлейменовтің жиенінің өліміне қатысты сот процесі басталып, Ескендір Сүлейменов қаза тапқан жол апаты бойынша сотталушы Малика Мұхитова марқұмның ата-анасынан кешірім сұраған болатын.