11 ақп, 2022 сағат 19:04

"Өлтіремін деп қорқытқандар болды". Қалың малына 10 миллион теңге төленген қалыңдық

Видео кадры: instagram / aqparat.kz

Араб еліне келін атанған қазақ қызының өмірін халық қызу талқылауда. Бірі жастарға бақыт тілесе, енді бірі сөгіп жатыр. Жас жұбайлар қалай танысты? Бұл шешімге қыздың ата-анасы қалай қарады? Қалыңмалы 10 миллион теңгеге бағаланған қалыңдық Tengrinews.kz тілшісіне сұхбат берді.

Динара Мұсабаева күйеуімен қалай танысқанын айтып берді.

"Мен 1992 жылы Түркістан облысы, Кентау қаласында дүниеге келдім. Менің күйеуім Сұлтан Азиз Сауд Арабия Эр-Рияд қаласынан. Жасы 27-де. 2020 жылы Сауд Арабияға құрбыма қонаққа бардым. Бізді ортақ достар таныстырды, осылайша сөзіміз жарасып, 2 жыл жүрдік, содан кейін маған сөз салды, келісімімді бердім", - дейді Динара. 

Динара мен Сұлтан Азиз қыздың анасынан рұқсат алып барып бас қосқан. 

"Менің бірінші некемнен бір қызым бар, есімі - Эльвира. 10 жыл жалғызбасты ана болдым. Бізде ажырасқан баласы бар әйелге ешкім үйленгісі келмейді. Азиз болса түсіністікпен қарап мен үшін Қазақстанға көшіп келуге дайын болды және анамның алдынан өтті. Өз бақытымды тапқанымды байқаған анам батасын берді. Әкем дүниеден өткен, таныстықтан кейін күйеуім екеуіміз әкемнің зиратына бардық. Азиз Құран оқып, мені және қызымды қорғап жүретініне уәдесін берді", - дейді ол. 

Азиз қазақ халқының дәстүрін сыйлап, қалыңмалына 10 миллион теңге берген. 

"Араб елінде қалыңмал деген жоқ. Оларда ана сүті деген бар, сыйлықтарын апарады және қызға мәһір береді. Бұл ақша маған берілген мәһір. Бірақ мен күйеуіме түсіндірдім, сен қазақтың қызына үйленгелі жатырсың, бізде қыздың қалыңмалы деген бар деп. Күйеуім түсініп, сендердің салт-дәстүрлеріңді сыйлаймын деп, анама берді", - дейді Динара. 

Динара әлеуметтік желіде пікірлерге қалай қарайтынын айтты.

"Ит үреді, керуен көшеді. Әрине, маған, марқұм әкеме, анама тіл тигізіп жазғандары ауыр тиді. Мені танымал болу үшін видеоға түсіріп, желіге салды, деп те айыптап жатыр. Бірақ шынында да, кім желіге салғанын білмеймін, біз өзіміз үшін түсірген едік. Назар аудармауға барынша тырыстық. Әлеуметтік желілерде менің тұрмыс құрғанымды қызу талқылап жатқанын білемін. Әркімнің өз пікіріне құқығы бар екенін түсінемін. Бірақ тым шектен шығып кетті. Тараз қаласынан Есен есімді жігіт аудио хабарламалар жіберіп, мені, ағамды, күйеуімді өлтіремін деп қорқытты. Марқұм әкеме де тіл тигізіп жаза бастағанда, сотқа барып арыз жазып, жазалауды талап еттім", - дейді ол. 

Динараның күйеуі Сұлтан Азиз Алматыдағы Сауд Арабиясының консулдығына жүгінбек. Алайда әйелі халықаралық деңгейде шу шығармай, сәл күтуін сұраған. Оның айтуынша, мұндай оқиға бұрын да болған, бірақ басқа елде.

Әңгімелескен: Перизат Абдралина