12 ақп, 2022 сағат 17:15

Олимпиада: Қазақстандық конькиші Аржанников жүлдесіз қалды


Бейжіңде Олимпиада ойындары аясында конькимен жүгіру спорты бойынша ерлер арасында 500 м қашықтықта жарыстар аяқталды. Аталған санат бойынша жарыс жолына Қазақстан сапынан Иван Аржанников шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Өкінішке қарай отандасымыз үздіктер қатарына қосыла алған жоқ. Ол 500 метр қашықтықты 35:82 секундта жүгіріп өтіп, 30 спортшы арасынан 28-орынға ие болды.

Аталған қашықтықты 34,32 секундта жүгіріп өткен қытайлық Гао Тиньюй алтын медаль иегері атанды. Күміс жүлдені оңтүстік кореялық (34,39) Ча Мин Кю қанжығасына байласа, үздік үштікті жапониялық Ватару Мориши (34,49) өз еншісіне жазды.

Айта кетерлігі, Иван Аржанников ерлер арасында 1000 м қашықтық бойынша да сынға түседі.