Бүгін Үкімет отырысынан кейін ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов журналистерге көктемгі су тасқыны кезінде болған қайғылы оқиғаға түсініктеме берді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Көктемгі су тасқыны кезінде республика бойынша адам өлімі тіркелген жоқ. Тиісті жұмыстардың жүргізілуі қайғылы оқиғалардың алдын алуға септігін тигізді. 4 облыста 1936 үй су астында қалды», - деді ол.
Алайда осы мезетте министрдің сөзін журналист бөлді. Ол «Ал кеше су тасқынынан Ақмола облысында бір әйел қайтыс болды ғой. Осы дерек ше?», - деді Қасымовқа.
«Тиісті сараптамалық тексерістер жүргізілді. Ол әйелде жүрек ауруы болған. Су басқан аумаққа құтқарушылар келген кезде әйелдің 2 тәулік бұрын қайтыс болғандығы анықталды», - деді министр.
Естеріңізде сала кетейік, кеше БАҚ-та Ақмола облысында су басқан үйлердің бірінен әйел адамның өлі денесі табылғандығы жөнінде ақпарат тараған болатын.