06 қаз, 2023 сағат 15:10

Оқушының басын тақтаға ұрған мұғалім қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін


Ақмола облысының Жібек Жолы ауылындағы мектептегі оқиғаға қатысты полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады. Жұмыстан босатылған мұғалім қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Аршалы ауданы Жібек Жолы ауылындағы І. Құтпанұлы атындағы орта мектептегі оқиғаға әлі нүкте қойылар емес. Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

Бұл бап бойынша кінәлі адам 160 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл төлейді, не болмаса сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тартылады. Дәл осы баппен жазаның тағы бір түрі 40 тәулікке қамалады. Мұғалім белгілі бір лауазымдарға орналасу құқығынан айырылуы мүмкін.

"Сотқа дейінгі тергеу аясында тиісті сараптамалар жасалды", – деп қорытындылады ведомствоның баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, ауыл мектебінде мұғалімнің оқушыны ұрып жатқан сәті түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде тарады.