06 нау, 2018 сағат 12:35

Оқушыларды ҰБТ орталығына алып барған мұғалім көз жұмды

Оралда Бірыңғай Ұлттық тестілеудің байқау сынағы кезінде №32 орта мектепті бітіруші сыныбының жетекшісі қайтыс болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Уральская неделяға» сілтеме жасап.

«32 мектептің мұғалімі ҰБТ байқау сынағын тапсыру үшін оқушыларын әкелген еді. Оқушылар аудиторияларға кіріп кеткен соң, ол дәлізде қалған. 13:10 шамасында оның талмасы ұстады. Біз оған көмек көрсетуге әрекет жасап, «Жедел жәрдем» шақырдық. Бірақ «Жедел жәрдем» жедел келген жоқ, олар жеткенше жарты сағат өткен еді. Дәрігерлер келген бойда жаны үзілгенін айтты», - дейді М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің жанындағы ҰБТ орталығындағылар.

Оқиға түс кезінде болғандықтан, университеттің дәрігері түстенуге кеткен. Дәл диагнозы анықталған жоқ, бірақ әйелдің қан қысымының көтерілуінен зардап шеккені белгілі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері оқиға жайлы кейін пікір білдіруге уәде берді.