Бүгінгі таңда білім саласындағы қызмет, дуальді оқыту, білім беру мен ғылым саласының дамуы кезек күттірмейтін өзекті мәселеге айналған. Себебі білім алушылар биыл екінші жыл әлемдегі пандемияға байланысты қашықтан оқуға, онлайн білім алуға мәжбүр болды. Дегенмен қашықтан білім алып қана қоймай, ғылымға үлес қосып, зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген білім алушылар да аз емес. Солардың бірі – семейлік оқушылар Аружан Қаймолдина мен Нұрбол Мақтаев. Осы орайда «Ұлт» порталы дарынды оқушылардың әңгімесін ұсынады.
Бүгінгі таңда бұл екі оқушыны ата-аналары ғана емес, ұстаздары мен сыныптарстары да мақтан етеді. Өйткені Аружан мен Нұрбол су қоймаларының ластануы мәселесін шешу мақсатында өзен-суларды қоқыстан тазартатын эко-робот макетін жасап шығарған.
9 сынып оқушысы Аружан Қаймолдинаны жер шарындағы су қоймаларының ластануы мазалайды. Экология тақырыбын зерттеп жүргенде, қайта өңделген пластикалық бөтелкелерден өзен-суларды қоқыстан тазалауға арналған робот макетін құрастыру туралы ой келеді. Осылайша өткен жылдың қыркүйек айынан бастап аталған жобамен айналыса бастапты.
-О бастағы идеямды жыл сайын Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өтетін жас өнертапқыштар күнінде көпшілік назарына ұсынып келдім. Қорғаған жобам сайыста жеңіске жетіп, ұстаздарымыз бен достарымның қызығушылығын тудырды. Осының барлығы менің макетті жасауыма жетеледі. Дегенмен макетті жасау барысында көмекші қажеттілігі сезіліп, Нұрболға ұсыныс жасадым. Ол қолдау білдірді, - дейді Аружан.
Аружанның таңдауы неліктен Нұрболға түскені белгілі. Себебі Нұрбол Мақтаев бұған дейін бірнеше роботтың макетін әзірлеген әрі WRO-2020 дүниежүзілік LEGO роботтар олимпиадасының жүлдегері атанғаны тағы бар.
- Біз алдымен жұмыс моделін жасай бастадық. Роботтандырылған кешеннің өзі екі бөлікке бөлінді: аэроқайық және жылжымалы қалқымалы механизм. Аэроқайық роботты кешенді су қоймасы арқылы берілген маршрут бойынша жылжыту функциясын орындады. Жылжымалы қалқымалы механизм су астындағы және үстінде қоқыс жинауды қамтамасыз етеді. Біздің роботтандырылған кешен су астындағы және үстіндегі қоқыстарды жинап, бейнекамералар көмегімен су асты әлемінің жағдайын, оның фаунасы мен флорасын бақылайды, - деді 11 сынып оқушысы Нұрбол Мақтаев.
Қос оқушының ендігі жоспары мен мақсаты токсиндер мен зиянды химиялық қосындылардан тірі ағзаларға залал келтірмейтін немесе суды тазартатын химиялық заттарға IGW қосу. Сондай-ақ алдағы уақытта «Дарын» сайсына қатысып, жобаны патентке қсынуды да ойластырып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі таңда білім саласындағы қызмет, дуальді оқыту, білім беру мен ғылым саласының дамуы кезек күттірмейтін өзекиі мәселеге айналған. Қазіргі таңда қашықтан білім алып қана қоймай, ғылымға үлес қосып, зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген білім алушылар да аз емес. Солардың бірі – семейлік оқушылар Аружан Қаймолдина мен Нұрбол Мақтаев. Бүгінгі таңда бұл екі оқушыны ата-аналары ғана емес, ұстаздары мен сыныптарстары да мақтан етеді. Өйткені Аружан мен Нұрбол су қоймаларының ластануы мәселесін шешу мақсатында өзен-суларды қоқыстан тазартатын эко-робот макетін жасап шығарған.