Оқушылар мен студенттер арасындағы төбелестен соң қалада рейд күшейіп, ата-аналар жауапқа тартылып жатыр. Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов мектептерде арнайы күзет қызметі жұмысқа кірісетінін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Соңғы кезде Ақтөбеде мектеп оқушылары арасындағы қылмыс жиі тіркеле бастады. Айта кетейік, 29 қаңтар күні студенттер төбелесіп, біреуі пышақ жарақатымен ауруханаға түсті.
Ал Шалқар ауданында оқушылар төбелесіп, оқушы көз жұмды.
Енді мектептерде арнайы күзет қызметі жұмыс істеп, оқушылар тексеріледі. Олардан тыйым салынған заттар анықталса, дереу полиция шақырылады.
«Ақтөбе қаласында, өңірде, Қазақстанның бірнеше аймағында балалар топқа бөлініп, төбелесті. Қалада колледж студенттері, мектеп оқушылары мен студенттер төбелесті. Барлық қылмыс егжей-тегжей тексеріліп жатыр. Біріншіден, күдіктілер ұсталды, заң аясында қатаң шара қолданылады. Екіншіден, қазір топ болып жүретін балалар бақылауға алынды. Төбелеске бейім балалар мектептен-ақ белгілі. Мектеп инспекторлары, білім бөлімі жұмыс атқарып жатыр, жедел топ құрылды. Сабаққа келмейтін, үлгерімі нашар балалар тізімге алынды. Мектепішілік, мектепаралық және полиция департаментінде өз тізімі жасалды. Әр ата-ана баласы үшін жауапты. Мектеп ішінде мұғалім қарауы тиіс. Бүгінге дейін мектептерде арнайы күзет қызметі болмады. Енді білім ордаларын арнайы лицензиясы бар күзет қызметі бақылауға алатын болады. Себебі, оқушылар мектепке тыйым салынған заттарды алып келуі мүмкін. Тексеру болады, егер тыйым салынған зат анықталса, ішкі істер органдары шақырылады», - деді қала әкімі Ілияс Испанов.