Маңғыстаулық оқушылар мектеп бітіргенде домбырада 10 күй ойнайтындай болуы тиіс. Бұл туралы Маңғыстау облысында өткен тамыз конференциясында облыс әкімі Серікбай Трұмов мәлім етті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев домбыраны мектептерде балаларға үйрету қажеттігін айтты. Осыған қарай ұлттық өнерді насихаттау мақсатында оқушыларға арналған домбыра үйірмелерін көптеп ашуды көздейтін «Домбыра-дастан» жобасын жүзеге асыруды тапсырамын. Осылайша, маңғыстаулық оқушылар мектеп бітірген кезде кем дегенде 10 күйді үйреніп шығуы тиіс деп ойлаймын. Әрине, бұл шара жүзеге асырылса, ата-аналар да риза болары сөзсіз», - деді облыс басшысы конференция барысында.
Жиында облыс әкімі сондай-ақ оқулықтар сапасын көтеру, білім ошақтарын материалдық құндылықтармен жабдықтау, ұстаздардың біліктілігін арттыру сияқты білім саласына қатысты өзге де көптеген мәселелер турасында сөз қозғады.