04 шіл, 2022 сағат 11:41

Оқушылар автобусын бұрын сотталған адамдар жүргізген - Бас прокуратура


Бас прокуратура білім беру мекемелерінің балаларды тасымалдау қызметтерін ұсыну сапасы мен қауіпсіздігін талдау аясында бірқатар заңбұзушылықты анықтады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Атап айтқанда, жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткен, қажетті жүргізу санаты және тасымалдаушының жолаушылар алдындағы жауапкершілігін міндетті сақтандыруы жоқ жүргізушілердің балаларды тасымалдау фактілері тіркелді. Жекелеген өңірлерде оқушыларды тасымалдауға бұрын қылмыстық жауаптылыққа тартылған және балалармен жұмыс істеуге құқығы жоқ адамдар жіберілген", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, кейбір автобустар рейс алдындағы техникалық қарап-тексеруден, ал жүргізушілер - медициналық куәландырудан өтпеген.

"Жалпы, автобус паркінің жай-күйі, олардың материалдық-техникалық жабдықталуы (өрт сөндіргіштердің, қауіпсіздік белдіктерінің, жарқылдауық маяктардың, "Балаларды тасымалдау" тақтайшаларының болмауы және т.б.) қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді деп танылды", - делінген хабарламада.

Биыл 28 сәуірде Бас прокуратура Білім және ғылым министрлігінің атына прокурорлық қадағалау актісін енгізді, оны қарау нәтижелері бойынша анықталған заңбұзушылықтар үшін 93 адам (оның ішінде мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері, әкімдіктер қызметкерлері) тәртіптік жауаптылыққа тартылды, делінген ведомство хабарламасында.

"Автопаркты жаңарту және балаларды тасымалдау үшін өңірлер мектептерін автобустармен қамтамасыз ету жұмыстары басталды. Әкімдіктер 515 жаңа автобусты, олардың бір бөлігін алдағы оқу жылына қарай сатып алуды жоспарлап отыр", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп тасымалдаудың (мектеп көлігімен) қауіпсіз жағдайларына оқушылар құқықтарының сақталуы белгісіне тексерулер жүргізіп жатыр.