Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Абай ауылының тұрғындары мен көрші ауылдың тұрғындары арасында атыс болды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Атыс шығарғандардың жасы шамамен 25-30-да. Құқық қорғау органдарының өкілдері бұл мәліметті растады. Төтенше жағдай салдарынан екі адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Атысқа қатысқандардың бірі қайтыс болған.
Ол туралы ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Сәдубаев мәлім етті. "Кеше Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласында жергілікті тұрғын жеккөрушілік қарым-қатынастың негізінде көрші ауылдың тұрғынына оқ атты. Ер адам ауруханада көз жұмды", - деді ол өз хабарламасында.
Ал, аудандық соттың судьясы Самал Кеңесова қылмысқа қатысы бар үш күдіктінің ұсталғанын айтты. Сарыағаш аудандық сотының санкциясымен үшеуі де қамауға алынған.
Соттың ресми өкілінің сөзінше, қылмысты оқиға 4 сәуір күні түнгі сағат 22.00-дер шамасында Абай ауылындағы дәмхана жанында болған. Топ болып төбелескендер тергеумен анықталмаған қару қолданып, атыс ұйымдастырған.
«7 сәуір күні үш тұлғаны екі айға қамауға алу туралы сот сацкциясы шықты. Күдіктілердің бірі 1985 жыл туған азаматқа қатысты Қылмыстық кодекстің 293 -бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен іс қозғалып, бұзақылық жасаған деп күдіктелуде. Ал, 1996 және 1993 жылы туған тұрғындарға қатысты Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі арқылы 99-баптың 2-бөлігі 1,7,9-тармақтарымен іс қозғалды. Олар үш жәбірленушілерге қатысты бұзақылық ниетпен адамдар тобының алдын ала сөзбайласуы арқылы екі немесе одан көп адамды өлтіру яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшыратуға оқталған деп күдіктелген», - дейді Самал Жолмұратқызы.
Ал, облыстық денсаулық сақтау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір аудандық ауруханада екі жәбірленуші жатыр. Олардың бірінің жағдайы ауыр болғандықтан жансақтау бөлімінде ем қабылдауда. Екіншісі палатаға ауыстырылды.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, полиция қызметкерлері төтенше жағдай болған жерде күшейтілген режимде тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.