26 қаң, 2018 сағат 10:32

ОҚО-да "техникалық тексеруден өтпеген 36 автобус анықталды"

Оңтүстік Қазақстан облысында полицейлер қоғамдық көлік жүргізушілерін тексеріп, техникалық тексеруден өтпеген 36 автобусты анықтады, деп хабарлайды Азаттыққа облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі. 22 қаңтарда басталып, 18 ақпанға дейін жалғасатын «Автобус» тексеру шарасына мыңға жуық полицей тартылған.

ІІД мәліметінше, полицейлер тексеруде қоғамдық көлік жүргізушілерінің 415 рет заң бұғанын анықтады. Автобус жүргізушілері негізінен жол ережесін бұзып отыр.

«Өткен үш күн ішінде қоғамдық көлікті өз бетінше заңсыз қайта жабдықтап алған 8 адам және қоғамдық көлігін техникалық бақылаудан өткізбеген 36 жүргізуші анықталды. 116 жүргізуші мобильдік құрылғыларды пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкерлішікке тартылса, жол жүру ережесін бұзған 52 жүргізуші, жылдамдықты асырған 12 жүргізуші, жаяу адамдарға жол бермеген 16 жүргізуші ұсталды» делінген хабарламада.

Сонымен бірге, көлік жүргізуге рұқсаты жоқ 13 жүргізуші жауапкершілікке тартылып, 2 қоғамдық көлік айып тұрағына жеткізілген.

Қоғамдық көлік жүргізушілерін тексеру Ақтөбе облысында Өзбекстаннан еңбек мигранттарын Ресейге тасымалдаған автобус өртеніп, 52 Өзбекстан азаматы қаза тапқан соң қолға алынып отыр. 18 қаңтар күні Ақтөбеден 320 километр қашықта Шымкент – Самара жолында болған қайғылы оқиғада бес адам, оның ішінде автобустың үш жүргізушісі аман қалған.

Қазақстан индустрия және даму министрлігі өртенген 1989 жылы шыққан KassbohrerSetra маркалы автобусы Оңтүстік Қазақстан облысында тіркелгенін, автобустың техникалық тексеруден өту мерзімі 2016 жылы 17 ақпанда аяқталғанын хабарлаған. Иесі жалға берген автобус тұрақты маршрут бойынша жолаушы тасымалдамаған және тұрақты емес түрде жолаушы тасымалдауға лицензиясы болмаған.