Оңтүстік Қазақстан облысында мешіт имамы тұрғындарға терроризмді насихаттап келген, - деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.
Телеарнаның мәліметінше, 41 жастағы ауыл молдасы елімізде тыйым салынған діни ұйымға қолдау білдіріп келген. Оның Сирияда соғысып жатқан содырларға көмек көрсетуге үндеген және дін қызметкері бұл әрекетін 6 жылдан бері жүзеге асырып келгені айтылады.
Ер адамның Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылындағы орталық мешіттің имамы екені белгілі болды.
Телеарнаның мәліметінше, имам орнынан босатылып, қамауға алынды.
"41 жастағы Абдурапи Рахматуллаев Қарабұлақ ауылындағы орталық мешітте 6 жылдан аса имам болып қызмет еткен. Халқы 30 мыңнан асатын елді мекеннің мешітінде айт намазы күндері жамағаттың көптігінен ине шаншар бос орын болмай қалады екен. Міне, осы жерде дүйім жұртты аузына қаратқан имам көпшілікке Сирияда соғысып жүрген содырларды насихаттаған көрінеді. Оларға көмек көрсетіп, қолдау қажеттігін айтыпты. Алайда, бұл туралы мешіт қызметкерлері түсінік беруден үзілді-кесілді бас тартты", - дейді телеарнадағылар.
"Біз имамға бірдеме айтсақ, жала жапқан боламыз. Бізге айтуға болмайды. Біз ауылда бір-бірімізді танимыз ғой. Енді ол туралы ештеме айта алмаймын", - деді мешіт қызметкерлерінің бірі.
Ауыл имамының іс-әрекеті тәртіп сақшыларын дүр сілкіндірді. Осы жылдың қаңтарында ол 2 айға қамалып, тергеу ісі басталып кеткен. Телеарнаның мәліметінше, кеше Сайрам аудандық сотында алғашқы отырыс өткізілді.
"Сотталушы А.С. дейтін азаматқа байланысты ҚР ҚК 174-бабының 1-бөлігімен қозғалған қылмыстық іс Сайрам аудандық сотының өндірісіне келіп түскен. Қазіргі таңда, қылмыстық іс қаралу барысында. Ол бойынша қабылданған шешімдер қосымша хабарланады", - деді Сайрам аудандық сотының кеңсе меңгерушісі Сабыр Мейрамбаев.
Телеарна мәліметінше, ауыл имамына қатысты сот ісі жүріп жатыр. Оның қылмысы дәлелденетін болса, заңға сәйкес жауапқа тартылуы мүмкін. Жалпы жыл басынан бері Сайрам ауданында лаңкестік іс-әрекетті насихаттағаны үшін 3 адамның сотты болғаны айтылады. Ал бұл төртінші жағдай екен.